Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының "Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы" КМҚК

Мекенжай

Тараз қ, Төле би көш, 89

Байланыс Телефоны

+7 (7262) 34-29-59

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

Басты бет / Медиа / Жаңалықтар / «Атадан мұра» атты танымдық концерті өтті

«Атадан мұра» атты танымдық концерті өтті

2022 жылғы 7 маусымда «Баласағұн» ОКЗ-да К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында, «2022 жыл – Балалар жылына» орай Қазақ оркестрінің «Атадан мұра» атты танымдық концерті өтті.

Концертті тамашалауға Тараз қаласының №1,2,3,4,5,6,7,8,9,10 мектеп оқушылары мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студент жастары қатысты.

Көрермендерге облыстық филармония ұжымының қалыптасу тарихы мен шығармашылық құрамынан толық ақпарат берілді.

Кеште шын дарын иесі Нұрғиса Тілендиевтің «Атадан мұра», «Ақсақ құлан», «Бала мишка», «Әлқисса», «Көңілді бикеш» күйлері мен «Махамбет» поэмасы, «Саржайлау», «Өз елім» әндері орындалып, шығу тарихтары насихатталды. Әндерді жас көрермендер филармония әншілерімен қосыла орындады.

Лэд экран арқылы «Алты жасар Алпамыс» көркем фильмі мен «Ақсақ құлан» мультфильмінен үзінділер, Махамбет Өтемісұлының өмірдерегі көрсетілді.

Өнер көрсеткендер: Қазақ оркестрінің дирижері әрі көркемдік жетекшісі Дулат Байзілдаев, «Кәусар» вокалдық ансамблі, «Ақкербез» би ансамблі, Жанатбек Кәдіров, Ақтөре Орынбасарұлы, Назым Ахметова, Нұрлатбек Әзімбаев және Сарыкемер мектеп-гимназиясының оқушысы Олжас Темірхан. Танымдық концертті Мәдениет саласының үздігі Жанна Асанқұлова жүргізді.

Сазды кешті тамашалаған жас көрермендер филармония әртістеріне қошамет танытып, әуезді әндер мен күмбірлеген күйлердің авторы Н.Тілендиевтің шығармашылығынан танымдарын арттырды. Көрермендер ортасында танымдық сұрақтарға жауап берген көрермендерге «Шаттық Отаны» атты Қазақ оркестрінің CD жинақтары сыйға тартылды.

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Тараз қаласының білім бөлімі «Жазғы демалыс кезінде көп балалы және аз қамтылған отбасынан шықан оқушыларды «Баласағұн» орталық концерт залында өтетін облыстық филармонияның танымдық концерттеріне қатысуына ықпал етіп, келісім білдіріп отыр.