Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының "Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы" КМҚК

Мекенжай

Тараз қ, Төле би көш, 89

Байланыс Телефоны

+7 (7262) 34-29-59

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

Басты бет / Ұжым / Өнер ұжымдары / «Айша бибі» этнографиялық-фольклорлық би ансамблі

«Айша бибі» этнографиялық-фольклорлық би ансамблі

К.ӘЗІРБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫНЫҢ

«АЙША БИБІ» ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ-ФОЛЬКЛОРЛЫҚ БИ АНСАМБЛІНІҢ

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӨМІР ЖОЛЫ

Қазақ халқы би өнерінен кенде емес. Әлемді биімен тамсандырған Шара Жиенқұлова, биші Болат Аюхановтардың ізін ала Шұғыла Сапарғалиева, одаң кейінгі Байдәулет Сазабековтер қазақ би өнерінің дәстүрі мен өрнегін сақтап, ұлттық фольклорымызды насихаттауда үлкен еңбек сіңірді. Жамбыл өңірі де би өнерін жат көрмеді.

Қазақстанның еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, балетмейстер Байдәулет Сазабеков Тараз қаласында би үйірмесін ашып, талантты қыздарды жинап өнерге баулыды. 1997 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен филармониядан «Айша Бибі» би ансамблі құрылып, жетекшісі ретінде Байдәулет Сазабеков тағайындалды. Ансамбль қазақ би өнерін шетелдерге танытып, үлкен қолдауға ие болды. Би ансамблі облыс әкімдігінің қолдауымен Франция, Германия, Израиль, Түркия, Қырым елдерінде өнер сапарларында болды.

2004-2005 жылдары Байдәулет Сазабеков Елордаға шақырту алып, ансамбльмен бірге кетті. Осылайша, аталған өнер ұжымы Жамбыл облыстық филармониясында уақытша жабылды.

Ансамбль атауы облыстық филармонияның штатында болғандықтан кез-келген уақытта сәті туған кезде қайта ашылу мүмкіндігіне ие екені назардан тыс қалмады. Осы өнер ұжымын қайта жасақтауға филармония директоры Сейітқасым Шерімұлы Түктібаев ұсынысын берді.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалды ілгерілету, «Жастар» жылына орай хореографиялық ансамбльдердің өнерін кеңінен насихаттау, шығармашылық кадрлар іздеу, олардың кәсіби білімдері мен тәжірибелерін шыңдау, жұмысқа тарту, халықтық, классикалық және заманауи хореографияны дамыту, «Айша Бибі» этнографиялық-фольклорлық би ансамблін қайта жасақтау мақсатында кастингтер жүргізіліп, 2019 жылдың 11 ақпанында аталған би ансамблі Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясында жаңа құраммен 5 штаттық негізде қайта ашылды. Қоюшы балетмейстер Айжан Қонарбаева.

2019 жылдың 4-10 сәуір мамыр аралығында ансамбльге репертуарлық би қойылымдарын Мемлекеттік «Наз» би театрының репетитор балетмейстері ҚР Мәдениет саласының үздігі Айтмағанбетова Мейрамгүл Жалмұханқызы қойды.

«Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, қадамына нұр жаусын, облыс өнері мен мәдениетін, қазақ би әлемін әлемге танытсын деп, «2019 жылдың 21 мамыры – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні» мерекесіне орай өткен салтанатты жиындағы концерттік бағдарламада ансамбль алғаш рет өнер көрсетіп, тұсауы қайта кесіліп, ыстық қошаметке ие болды.

«Айша Бибінің» тарихы Әулиеатаның топырағында қалыптасқан. Сондықтан, бұл өнер ұжымын Таразда қайта жаңғырту облыстық филармонияның негізгі мақсаты болды. Бүгінгі күні жоспарлы жұмыстар алға басты.

Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігі  мен Шейх Халифа Бен Заид әл-Нахаян атындағы гуманитарлық ұйымының ұйымдастыруымен 2019 жылдың 29 қарашасы мен 31 желтоқсаны аралығында Әбу-Даби қаласында өткен Халықаралық Шейх Заид атындағы мәдени-тарихи мұра фестиваліне Жамбыл облысы әкімінің қолдауымен «Айша Бибі» этнографиялық-фольклорлық би ансамблі қатысып, өнер көрсетті.

Өнер ұжымы 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Әбу-Дабиде концерт беріп, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан Республикасының Елшісі Меңілбеков Мадияр Смәділұлының ресми қабылдауында болды.

Би ансамблі Елшілік тарапынан фестивальге белсене қатысқаны үшін Алғыс хаттармен марапатталды.

2020 жылы би ұжымының шығармашылығы мәдени-көпшілік іс-шараларда, «Би керуен» атты телевизиялық концертте кеңінен насихатталды.

Би ансамблінің репертуарлық жоспарында қазақ билері «Алтынай», «Тарту», «Шашу», «Қаражорға», «Қамажай», «»Аққу», «Ерке сылқым», өзбек биі «Перизат» және одан басқа заманауи бағытта шығарылған би қойылымдары бар.

Қазақ биі «Алтынай» - (7 биші) Евгений Брусиловскийдің симфониялық жанрда орындалған шығармасына қойылған қазақ биі. Бұл би қойылымында 10 қыз, 1 жеке биші өнер көрсетеді. Би қойылымдары табиғат аясындағы бойжеткен қазақ қыздарының болмысын суреттейді. Қойылым барысында достық, сүйіспеншілік көрініс табады.

Қазақ биі «Тарту» - би қойылымының музыкасы «Хассақ» этнографиялық-фольклорлық ансамбльдің орындауындағы «Зәурен» композициясының музыкасына қойылған. Бишілер қазақтың ұлттық ыдысы «Торсық пен кесе» арқылы билеп, өнер көрсетеді. Бұл жерде қыз баласының салт-дәстүрге деген бейімділігі мен қонақжайлығы суреттеледі. Би қойылымы ырғақты, әсерлі және кәсіби шеберлікті танытады. Аталған биде 12 қыз өнер көрсетеді. Би қойылымы қазақ фольклорындағы ою-өрнектерді көрсетіп, биге деген көрермен ықыласын арттырады.

Қазақ биі «Шашу» (8 бишіге қойылған) - би қойылымы той думанның сәтін бейнелейді. Қойылымда 12 биші өнер көрсетеді. Қонақ күту, думанды сәттер, салтанатты мереке осы биде толығымен суреттеледі.

Қазақ биі «Қаражорға» (8 бишіге қойылған) - қазақ халқының биі. Қойылымда табиғат аясындағы жастардың шаттыққа толы көңіл-күйі суреттеледі.

Қазақ биі «Қамажай» (8 биші) - қазақтың халық биі. Биде ұлттық нақышқа толы салт-дәстүр элементтері айшықталып суреттеледі.

«Аққу» биі (1 бишіге қойылған) -  қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы, қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі, халық қаһарманы Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің «Аққу» күйіне арналып қойылған. Бұл көріністе аққу құсының айдын-көл жағасындағы сұлулығы мен болмысы суреттеледі.

Қазақ биі «Ерке сылқым» (2 бишіге қойылған) - қазақтың атақты күйші-композиторы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйіне шығарылған би. Би қойылымында ерке қыздардың қылығы мен сұлулығы, әшекейі, болмысы суреттеледі.

Өзбек биі «Перизат» - би қойылымы өзбек ұлтының фольклорлық музыкасына қойылған. Қойылымда 12 қыз билейді. Би қойылымында өзбек ұлтының ұлттық би ырғағтары суреттеледі. Кейбір тұстарында көңіл көтеріп жүрген өзбек қыздарының шаттықты қуаныштары байқалады.