Ән падишасы – Шәмші аға
2025 жылғы 30 қыркүйек күні сағат 18:30-да «Баласағұн» ОКЗ-да Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармония өзінің 57-ші жаңа концерттік маусымының ашылу салтанатын өткізді. Маусым шымылдығы қазақ музыкасының бұлбұлы, «Ән падишасы» атанған Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Ән падишасы – Шәмші аға» атты үлкен концертпен ашылды.
Кештің прологы ретінде А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актерлары «Ән ғұмыр – Шәмші» қойылымын сахналады. Алғашқы орындаулардың бірі – халықтың рухын көтерген, бүгінде еліміздің Мемлекеттік Әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» әні болды.
Концерт барысында көрермендерге Шәмшінің мәңгілікке айналған «Ақ маңдайлым», «Сен сұлу», «Ана туралы жыр», «Теріскей», «Тамды аруы», «Отырардағы той», «Ақсұңқарым», «Дүнген қызы», «Сыр сұлуы» сынды әуезді туындылары тарту етілді. Әндерді филармонияның танымал әншілері мен шығармашылық ұжымдары, қалалық «Жастар театры» орындап, «Ақкербез» би ансамблі әсем билерімен әрледі.
Көрермендермен интерактивті бөлімде жұртшылық сүйікті әндерді бірге шырқады. Ерекше ықыласпен орындалған «Өмір-өзен», «Ақ бантик», «Қайдасың» әндері көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сонымен қатар сахна төрінде жаңа шығармашылық туынды – композитор Жандос Омаровтың әні мен Нұрлан Нұрмахановтың сөзіне жазылған «Ән падишасы – Шәмші аға» әні орындалды.
Кеш қонақтары Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық «Жастар театры», көркемдік жетекшісі: Шолпан Атибаева және А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры, көркемдік жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі Анар Сағымбекова.
Концерттің финалында Шәмшінің «Жаңарған Жамбыл» әнін филармония әншілері бірлесе шырқады.
Шәмші Қалдаяқовтың мәңгілік әуендерімен өрнектелген бұл кеш жиналған көрерменге шаттық пен рухани қуат сыйлады. Іс-шараны жергілікті БАҚ өкілдері кеңінен жариялап, филармонияның әлеуметтік желідегі парақшаларынан тікелей эфирде көрсетілді.