Абай күні қарсаңында «Ұлы даланың дана ақыны – Абай» әдеби-әуенді кеші өтті
Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі және Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының ұйымдастыруымен 10 тамыз - Абай күніне орай Абай ескерткіші маңында «Ұлы даланың дана ақыны – Абай» атты әдеби-әуенді кеш өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлы ойшыл, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының мол әдеби мұрасын насихаттау, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, Абайдың рухани әлемін кеңінен таныту және өскелең ұрпақты білімге, адамгершілікке, парасаттылыққа тәрбиелеу.
Әдеби кештің шымылдығы Абайдың кеңінен танымал Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясы әншілерінің орындауындағы «Айттым сәлем, Қаламқас» және «Көзімнің қарасы» әндерімен ашылып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Шара барысында Абайдың өмір жолы, шығармашылық мұрасы, ағартушылық қызметі мен қазақ әдебиетіндегі орны кеңінен таныстырылды.
Кештің қонағы – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің 1 жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, капитан Жақсылық Әліби Маратұлы сөз сөйлеп, Абай мұрасының жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.
Бағдарлама кітапханашылар мен әскери бөлім сарбаздары Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақынның қара сөздерінен тағылымды үзінділер орындады. Сонымен қатар, филармония әртістері «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», «Өзгеге, көңілім, тоярсың», «Бойы бұлғаң» секілді Абай әндерін орындап, көрермен қауымға ерекше рухани әсер қалдырды.
Кеш барысында жүргізуші ақынның шығармашылық мұрасы, әншілік және композиторлық қыры, қара сөздерінің тәрбиелік мәні жөнінде мазмұнды мәліметтер ұсынып, қатысушыларды Абайдың рухани әлеміне жетеледі.
Абайдың шығармалары – ұлттық сананы қалыптастыратын, елді бірлікке, білімге, еңбекқорлыққа және адамгершілікке үндейтін мәңгілік мұра. Осындай тағылымды шаралар арқылы жастардың әдебиетке қызығушылығы артып, ұлттық руханиятқа деген құрметі нығая түседі.








07 Авг 2026
9
26 Апр 2019