«Қош келдің, Әз Наурыз!» мерекелік концерті ұйымдастырылды
Бірлік пен ынтымақ тойына айналған Наурыз мерекесіне орай Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Қош келдің, әз Наурыз!» мерекелік концерті өтті.
К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының және А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының өнерпаздары мен эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерт «Көне Тараз» этномәдени кешенінде ұйымдастырылды.
Думанды концерт «Төрткүл» керуен сарайынан аттанған «Наурызкөш» керуенін күтіп алумен басталып, аймақ басшысы Бердібек Машбекұлының жылашар тілегімен салтанатты түрде ашылды.
Шара барысында Досымжан Таңатаров, Мадина Садуақасова, «Алашұлы», «Топжарған» топтары сынды эстрада жұлдыздары Әулиеата аспанын әсем әуенге бөледі. Сондай-ақ, жергілікті өнерпаздар да өз өнерлерімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Бір жарым сағатқа созылған мәдени іс-шара елордалық «Жастар» театрының сахналандырылған көрінісімен қорытындыланды.