Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының "Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы" КМҚК

Мекенжай

Тараз қ, Төле би көш, 89

Байланыс Телефоны

+7 (7262) 34-29-59

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

Басты бет / Филармония / Филармония туралы

Филармония туралы

Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының

бүгіні мен ертеңі

Өңіріміздегі өнерпаздарды шындайтын, қалыптастыратын бірден-бір тәжірибе мектебі - облыстық филармония.

Өнер ұжымы Қазақ ССР Министрлер кеңесінің 1967 жылғы қараша айының 25 жұлдызындағы №777-ші қаулысының негізінде, Жамбыл облыстық кеңесі еңбекшілер депутаттары атқару комитетінің 1968 жылдың 30 қаңтарындағы шешімімен Жамбыл қаласында құрылды. Қалалық атқару комитетінің шешімімен филармонияға Жамбыл қаласындағы Ленин көшесі №17 үйде орналасқан балалар мен жас өспірімдер кітапханасының ғимараты кеңсе есебінде берілді. 1996 жылғы 1 қарашада №282-ші облыс  әкімінің шешімімен «Химпром» акционерлік қоғамының мәдениет сарайы Жамбыл облыстық мәдениет департаментіне беріліп, филармония өз жұмысын осы ғимаратта жалғастырды.

1998 жылдың 25 желтоқсанында шыққан Қазақстан Үкіметінің №1335-ші қаулысының негізінде 1999 жылғы 15 қаңтардағы Жамбыл облыстық Әділет басқармасының №6577-ші бұйрығымен «Жамбыл облыстық филармониясы  Коммуналдық Мемлекеттік қазыналық кәсіпорны» болып қайта тіркеуден өктізілді.

Филармонияның шығармашылық ұжымы ҚР Мәдениет Министрлігінің жолдамасымен Алматыда эстрадалық студияны тамамдаған жастар легімен толыға түсіп, «Жас-толқын» ансамблі құрылды. Бұл ансамбль көптеген байқауларда лауреат атанған.

Филармонияда қызмет атқаратын талантты жастарды тәрбиелеуге әр жылдары басшылар тағайындалып, өнер ордасын абыроймен басқарды. Ең алғашқы филармония басшылары Константин Шапошников, Нұрғазы Жомартов, Пак Вадим Феодорович болса, солардан кейін филармония тізгінін 11 жыл бойы елімізге белгілі әнші, композитор, жерлесіміз ҚР халық әртісі Алтынбек Қоразбаев ұстап, 2012 жылға дейін Сейітқасым Шерімұлы Түктібаев, 2012 жылдың наурызынан 2014 жылдың тамызына дейін Сәуле Стаханшылқызы Жанпейісова, 2014 жылдың тамызынан бастап қайта Сейітқасым Шерімұлы Түктібаев басшылық етуде.

Өнер ұжымында үздік қызметімен ерекшеленген, Республикалық байқауларда лауреат атанған, облыс мерейін биіктен көрсеткен мәдениет майталмандарымыз бен ардагерлеріміз Гүлжахан Өсербаева, Тәкен Молдақынов, Кенжеғали Тәшкенов, Қуаныш Ержанов, Асқар Тұрғынбаев және «Огонек», «Тараз» ансамбльдері қызмет атқарған.

1988 жылы «Айша Бибі» фольклорлық-этнографиялық би ансамблі құрылып, ансамбльге Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Байдаулет Сазабеков жетекшілік жасаған. Ансамбль көптеген Халықаралық, Республикалық, облыстық фестивальдерде лауреат атанып, өнер сапарларында жүріп әлемге танылды.

2002 жылы халықаралық «ЮНЕСКО» көлемінде тойланған Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы қарсаңында филармония ұжымы қызмет атқаратын «Баласағұн» ОКЗ ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, үлкен 951 орындық концерт залы халық игілігіне берілді.

Қазіргі таңда Жамбыл облыстық филармониясынан түлеп ұшқан танымал әншілер Саят  Медеуов, Досымжан Таңатаров, Құрмаш Маханов, Бейбіт Сейдуалиева, Мейрамбек Беспаев және Индира Расылхан еліміздің мақтаныштарына айналды.

2018 жылғы 21 қыркүйектегі Жамбыл облысы әкімдігінің №179-шы Қаулысына сәйкес 50 жылдық тарихы бар Жамбыл облыстық филармониясына қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағы мен Композиторлар одағының мүшесі Кенен Әзірбаевтың есімі берілді.

Қазіргі таңда Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясын 30 жылдан астам осы филармонияға еңбегі сіңген, Тараз қаласының құрметті азаматы Сейітқасым Шерімұлы Түктібаев басқарады.

Бүгінгі таңда кәсіби өнер ұжымындағы Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, «Алатау» фольклорлық ансамблі, «Тараз», «Иірім» триолары, «Кәусар» вокалдық ансамблі, «Ақкербез» және «Айша Бибі» би ансамбльдері, «Балауса» циркі және жеке әртістер ауқымды бағдарламалар шеңберіндегі мәдени жобалар мен мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысып, халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Тәжірибелі әртістер: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Мұхтарбай Рахманқұлов, Асылхан Мәдіханұлы Шүңіреков, Бахыт Қисатайұлы Шағырбаев, Мәдениет қайраткерлері: Рәзия Арғынқызы Мәдіханова, Анна Александрқызы Вундер, Ержан Ходжабергенұлы Рысметов, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері: Ержан Әмірқұлұлы Ыдырысов, Мәдениет саласының үздіктері: Әріпбай Мұханұлы Мусапанов,Сейсенбі Бейсеуов, Сәуле Баймқұханқызы Маманова, Назима Әбдікәдірқызы Үсенова, Оңал Бұхаралықызы Азаматова, Жанатбек Сапарбайұлы Кәдіров, Маралбек Тұрсынбайұлы Бабақұлов, Мадина Жақсылыққызы Сағынбекова, Ғани Әзіретұлы Мәтебаев, АйгүлЫнтымаққызы Мақашова және Жандос Әскербекұлы Омаров.

Гастрольдік сапарлармен қазақстанның барлық облыстарында, Польша Республикасының Варшава қаласында, Туркия Республикасының Самсун қаласында, Әбу-Даби қаласында, Үндістан, Дели қалаларында, Өзбекстан мен Қырғызстан Республикасында аса құнды ән-күйлерін паш етіп, еліміздің абыройын арттырып, көк байрағымызды биікте желбіретті.