Қазақ халық аспаптар оркестрі
«К.ӘЗІРБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫ» КМҚК ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ АСПАПТАР ОРКЕСТРІ
03.05.2011 жылы ел ішіндегі өнерпаздардың өсуіне қолдау танытып, халқымыздың бай қазынасы – дәстүрлі өнерді насихаттау мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен Жамбыл облыстық филармониясында Қазақ халық аспаптар оркестрі құрылды.
Оркестр Тараз қаласында бір жылдық мерейтойын атап өтті (18.10.2012). Айтулы мерекеге КСРО және ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова, Астана қаласы мемлекеттік филармониясының Қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов, сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан және Атырау облыстық филармонияларының бас дирижерлары Есіркеп Жолдасов, Орақ Жауыров және т.б. өнер шеберлері қатысты.
Бүгінгі таңда оркестрде 41 штаттық бірлік, репертуарында 400-ге жуық шығарма бар. 2021 жылдың маусымынан бастап көркемдік жетекшісі әрі дирижері Мәдениет саласының үздігі Дулат Байзілдаев болып бекітілді.
Алдыңғы жылдары болған дирижерлар: ҚР Білім беру ісінің үздігі Көркемғали Серімбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхтарбай Рахманқұлов, Адай Жұмат және Айдос Мендалиев болды.
Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен аталған өнер ұжымы кәсіби шеберліктерін концерттер мен фестивальдерге, конкурстарға қатысу арқылы шыңдап келеді. Бірқатар домбырашылар өнер табыстары үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, облыс әкімінің, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының, филармонияның «Алғыс хаттарымен» марапатталса, бірқатары Мәдениет саласының үздіктері атанды.
Оркестр «Парасат», «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің құрметті профессоры, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың 75 және 80 жас мерейтойларына орай «Әулиеата сазы» атты CD жинақтарын басып шығарды. Сонымен қатар, «Күмбірле күйім елімде» атты мерейтойлық концерттерін Тараз қаласында, облыс елді-мекендерінде композитордың қатысуымен жоғары деңгейде ұйымдастырды.
Оданда басқа Астана қаласында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай, Елбасының қатысуымен Жамбыл облысында өткен концерттерде, «Бабалар сазы», «Бабадан қалған күмбір күй» атты танымдық концерттерде, халық музыкасының кештерінде, Республика сарайында «Елден сәлем» атты концертте, Астана қаласында «ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі» аясындағы Жамбыл облысының күндері шеңберінде «Әулиеата әуендері», «Қазанат» қалалық ипподром аумағындағы этно ауылда «Күй керуені» атты концерттерде (26-28.07.2017), Астана қаласында Елбасының қатысуымен өткен «Ұлттық домбыра күні» мерекелік іс-шарасында (2018), К.Әзірбаев ескерткішінің ашылуында (2019), «Көне Тараз» тарихи – этномәдени кешенінің ашылуында (2019), «Домбыра» стелласының ашылуында, Жамбыл облысының 80 жылдығына орай өткен іс-шараларда (2020), ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра дастан – 2020, 2021, 2022, 2023, 2024», Абай Құнынбайұлының 175 жылдығына орай «Желсіз түнде жарық ай», «Бабалар үні», «Әлемнің музыкалық бояулары», Илья Жақановтың «Жайлаукөл кештері» атты шығармашылығына арналған сазды кеште (08.12.2022), Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Саз әлемінің саңлағы» атты сазды кеште (28.09.2024), Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына арналған «Бұлбұл еді, дүлдүл еді Кенекең...» атты концертте, «Әулиеата әуендері», «Төрлет, Наурыз, Төріме!», «Әулиеата төрінде» атты концерттерде, Н.Тілендиевтің мерейтойына арналған «Әлқисса - Нұрғиса» атты телевизиялық концерт-композицияларда, Астанада өткен «Көшпенділер әлемінде» (17.09.2025), композитор Әбдімомын Желдібаевтың шығармашылығын насихататуға арналған «Әбдімомын әлемі» атты концертте (20.02.2025), республикалық іс-шаралар аясында Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай «Ән мен күйдің әсемқоңыры – Нұрғиса» атты концертте өнер көрсетті.
Жетістіктері:
«Мәдениет» арнасында «Асыл қазына» (2013), «Хабар» телеарнасында (01.01.2014), «Білім және Мәдениет» телеарнасында дәстүрлі өнердің даралығын танытар «Ғасырлар пернесі» бағдарламасында (14.06.2015) концерттермен бейнетүсірілімдер жасады.
Облыстық білім басқармасының ықпалымен «Алматы кітап» баспасынан басылып шыққан жалпы орта білім беретін мектептің «Өлкетану» оқулығына оркестрдің еңбек жолы енді (2018).
Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырған күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың шеберлік сағатына оркестр әртістері қатысып, сертификаттар иеленді (30.03.2018).
«1 шілде – Ұлттық домбыра күніне» арналған «Домбыра – дастан» атты облыстық домыбара патиде оркестр әртістері Ерболат Әлімқұл І орынды, Асқар Жанұзақ ІІ орынды иеленді (02.07.2018).
Облыстық филармонияның 50 жылдығына орай шыққан «Әуені әсем Әулиеата» үнтаспасына шығармалары енді (2018).
Дәулескер күйші Ықылас Дүкенұлының күйлерін кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, жастарды қобыз аспабында шебер ойнауға бейімдеу мақсатында облыс елді-мекендерінде шеберлік сағаттар өткізіп, «Жез киік» атты облыстық қобызшылар коннкурсын ұйымдастырды (2018).
Қарағанды қаласында өтетін Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы халық аспаптарында орындаушылардың VII Республикалық конкурсына Дидар Басықараев пен Дінмұхамедәлі Құрманбай қатысып, дипломант атанды (07-09.11.2018).
Ақтөбе қаласында «Жұбановтар әуені - 2019» Халықаралық ұлт аспаптар оркестрлері және фольклорлық ансамбльдер фестиваль-байқауына қатысып ІІ орын, бас дирижері Адай Жұмат «Үздік дирижер» номинациясын иеленді (28-29.04.2019).
Рауан Әбілқасымов, Қазыбек Молдыбаев және Дана Байзілдаева Ықылас Дүкенұлы атындағы «Жез киік» облыстық қобызшылар конкурсының лауреаттары, дирижер Адай Жұмат «Үздік Әулиеата үміті» атты облыстық жастар сыйлығының «Үздік жас музыкант» номинациясының иегері атанды (2019).
«Ұлттық домбыра күніне» орай Қызылорда қаласында өткен «Ғасырлар пернесі» атты Республикалық күйшілер байқауында Рауан Жексенбі ІІ орын, Асқар Жанұзақов дипломант атанды (03.07.2020).
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының ұйымдастыруымен КСРО Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 95 жылдығына арналған «Әлқисса» фестивалі аясындағы өткен домбырашылар мен әншілердің Республикалық байқауында Рауан Жексембі ІІІ орын иеленді (09.09.2020).
Нұрғиаса Тілендиевтің 95 жылдығы мен шығармашылығын насихаттауға арналған «Өз елім» атты Республикалық онлайн конкурс ұйымдастырылды (03-23.04.2020).
Батыс Қазақстан облысында өткен Дина Нүрпейісова атындағы «Әсемқоңыр» республикалық домбырашылар байқауында Жексенбі Рауан лауреат атанды (13-15.10.2021).
Мәдениет саласының үздігі Сәуле Маманова Қазақстан Республикасының білім жүйесін дамытуға және өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім берудегі қол жеткізген табыстары үшін ҚР білім және ғылым министрлігінің Құрмет Грамотасымен марапатталды (25.08.2021).
Тараз қаласында өткен Әбдімомын Желдібаев пен Аяз Бетбаевтың шығармашылығын насихататуға арналған «Домбыраның қос ішегі» атты облыстық конкурста күй номинациясы бойынша Рауан Жексенбі І орынды иеленді. 14 қазанда
Түркістан облысы мен Жамбыл облысы айтыскер ақындарының командалық айтысында күй жанры бойынша Дидар Басықараев қатысып, лауреат атанды (15.03.2022).
Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына орай Жамбыл облысының айтыскер ақындары мен жыршы-термешілері және Қырғызстанның ақын, манасшыларының қатысуымен «Алатаудың бұлбұлы» атты Халықаралық фестивальде Дидар Басықараев өнер көрсетті (01.06.2022).
«Хабар» Агенттігі» ұйымдастырған «Жеті қазына» республикалық телевизиялық шоу бағдарламасы Дидар Басықараев күй номинациясымен «Бас жүлде» иегері атанды (2022).
Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Д.Қонаев қаласында өткен «Үкілі домбыра» атты Республикалық жас күйшілер сайысында Нұрберген Қырғызбаев ІІІ орын иеленді (06.07.2022).
Ықылас Дүкенұлының 180 жылдығына орай өткен «Қобыз сыры» атты қалалық қобызшылар фестивалінде Гүлмира Сабалиева, Рауан Әбілқасов және Қаракөз Халиева қатысып марапатталды (25.04.2023).
Оркестрдің бірқатар әртістері Аустрия мемлекетінің оңтүстігінде орналасқан Каринтия атты федералдық жеріндегі Филлах қаласында өткен «Villacher Kirchtag» атты дәстүрлі фестивальде (04.08.2023), Марокко Корольдігіндегі Елшілігінің ұйымдастыруымен Рабат қаласында өткен «Еліміздің ұлттық мейрамы – Республика күні» концерттер берді. (24.10.2023). Аустрияның Филлах қаласында өткен «Villacher Kirchtag» атты дәстүрлі фестивальге қатысып, елшіліктің Алғыс хатын иеленді (04-06.08.2023).
«Абыз күйші - Әбдімомын» атты танымдық кеш Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында өтті. Шара барысында күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев еске алынып, «Әулиеата», «Жарылғап батыр», «Толғау», «Ерке сылқым», «Қызыл гүлім қызғалдағым», «Бәйдібектің жайлауы» шығармалары жас ұрпаққа насихатталды (07.06.2024).
«JAMBYL» телеарнасында күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевты еске алуға арналған «Рауан» таңғы бағдарламасында Д.Байзілдаев, Д.Басықараев, М.Абуева және Ж.Кәдіровтың қатысып, композитордың ән-күйлерін дәріптеді (17.04.2024).
«Баласағұн» ОКЗ-да «Парасат», «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің құрметті профессоры, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевты еске алуға арналған «Әбдімомын әлемі» атты филармонияның концерті өтті (20.02.2025).
Алматы қаласы «Республика» сарайында Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы мен өңірден шыққан өнер шеберлерінің қатысуымен «Атыңнан айналайын, Әулиеата!» атты думанды концерт өтті. Аталған шарада Ә.Желдібаевтың шығармалары орындалды (05.06.2025).
1 және 6 шілде күндері Ұлттық домбыра күніне орай «Саз серісі – Әбдімомын» атты мерекелік концерттер өтеді. Игі шара барысында «Әулиеата әуендері» атты аудиожазбаға енген жаңа шығармалар қатарында композитордың туындылары да бар. Концертті «Қазақстан» РТРК АҚ Жамбыл облыстық филиалы «Jambyl TV», «Taraz 24» және «7 7» телеарналары түсіреді.
Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен екі жыл сайын «Көне Тараз күмбірі» Республикалық фольклорлық ансамбльдер конкурсында Ә.Желдібаевтың күйлері мен әндер насихатталуда.
26 Сәуір 2019