Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті
Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында қазақтың ұлы күйші-композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Күй Анасы – Дина» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – қазақ күй өнерінің көрнекті өкілі Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, ұлттық музыкалық мәдениетті дәріптеу және жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген құрметін арттыру.
Дина Нұрпейісова – қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіби әйел күйші-композитор, домбыра өнерін жаңа деңгейге көтерген дара тұлға. Оның шығармалары халықтың рухани қазынасына айналып, ұлттық музыкалық мұрамыздың алтын қорынан орын алды.
Шара аясында «Күй анасы – Дина» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетілді. Сонымен қатар, кеш барысында «Адай», «Тойбастар», «Әсем қоңыр», «Науаи», «8 Март» сынды дәстүрлі күйлер орындалып, көрермендерге рухани әсер сыйлады.
Дөңгелек үстелге арнайы шақырылған өнертанушылар мен домбыра ұстаздары, өнерлі жастар, сонымен қатар Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртісі Төрехан Көрпебаев Нұрпейісованың өнерінің тарихи маңызы мен мәдени құндылығы туралы мазмұнды ойлымен бөлісті.
Іс-шара қорытындысында Дина Нұрпейісованың күйлері халық тағдыры мен адам жан дүниесінің айнасы екені, ал оның шығармалары қазақтың ұлттық музыкалық мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің берік негізі екені атап өтілді.




02 Ақпан 2026
6
26 Сәуір 2019