«Рақмет, Ана!»: сахнада мейірім мен алғыс әуенге айналды
2 наурыз күні «Баласағұн» ОКЗ сахнасында көктемнің ең шуақты мерекесіне арналған ерекше кеш өтті. К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы ұсынған «Рақмет, Ана!» мерекелік концерті аналарға тағзым, аруларға құрмет, әйел затына ізет білдірген шынайы рухани тарту болды.
Кеш шымылдығы «Дала лебізі» прологымен ашылып, сахна төрін «Ақкербез» би ансамблінің 17 бишісі көркем қимылмен көмкерді. Жүргізушілер Әкімжан Қуанышбекұлы, Орынбасар Бақытұлы және Ернұр Абухас ананың мейірімі мен әйелдің парасатын арқау еткен әсерлі сөздерімен кештің мазмұнын тереңдете түсті.
Музыкалық бөлім анаға деген сағыныш пен алғысқа толы әуендермен өрілді. Әсел Уашева, Диас Әбілеков және Бахром Муминов «Анашым» әнін орындап, көрермен жүрегін елжіретті. Гүлжан Шәріпхан «Махаббат» әнін нәзік сезіммен жеткізді. Азамат Алмереков пен Жұлдыз Уксикбаева «Таудағы көктем» әнін дуэтте орындап, нөмірді «Ақтолқын» көгершіндер биі көркемдеді.
Дамир Рахимбердиев Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асығын» нақышына келтірсе, Қайсар Көкішов пен Әлішер Балтаев «Ақ моншақ» әнін шырқап, Айгүл Мақашова «Әпке» әнін әсерлі орындады. Қазақ биі «Бастаңғы» мен Хорезм биін «Ақкербез» би ансамблі жоғары деңгейде ұсынып, кешке ұлттық реңк қосты.
Дулат Жасұзақов «Асыл ана» әнімен ананың асыл бейнесін айшықтаса, Мәдениет саласының үздігі Оңал Азаматова «Өмір маған» әні арқылы өмірге, анаға деген ризашылық сезімін терең жеткізді. Азиз Кушаков (рояль) пен Әлібек Молдыбаев (саксофон) әлемге әйгілі «Cheri, Cheri Lady» композициясын аспаптық дуэтте орындап, кештің музыкалық өрісін кеңейтті.
Мәдениет саласының үздігі Торғын Орынбаева «Кимешек киген ана» әнін орындап, қазақ әйелінің парасаты мен болмысын бедерледі. «Жамбыл» триосы «Асыл жеңешем» әнін ұсынса, Мәдениет саласының үздігі Назима Үсенова «Анаға сағыныш» әнін тебіреніспен жеткізді.
03 Наурыз 2026
14
26 Сәуір 2019