«Музыка фантазиясы»: Этнос әуендерін тоғыстырған әсерлі кеш өтті
К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы Қазақ халық аспаптар оркестрінің «Музыка фантазиясы» атты концерттік бағдарламасы өтті.
Кештің шымылдығы Арман Жайымның «Фантазия» шығармасымен түрілді. Оркестрге Мәдениет саласының үздігі, көркемдік жетекші әрі дирижер Дулат Байзілдаев жетекшілік етті. Алғашқы сәттен бастап кеш көрерменді сан түрлі музыкалық бояуларға толы шығармашылық сапарға жетеледі.
Бағдарламада қазақ, өзбек, тәжік, ұйғыр, түрік және еуропалық классикалық музыканың жауһар туындылары орындалды. Әсет Найманбаевтың «Адамның жасы» термесін Бекарыс Көштаев оркестр сүйемелдеуімен орындап, ұлттық өнердің терең тағылымын паш етті. Өзбек халық әуені «Рақс», Свиридовтың «Вальсі», Жемел бейдің «Huseyni oyuny» шығармалары оркестр орындауында көрермен көңілінен шықты.
Фридерик Шопеннің «Вальс до диез минор» шығармасын Азиз Кушаков фортепианода орындаса, тәжік әні «Сарбонды» Нұргүл Мусали шеберлікпен жеткізді. Ұйғыр биін Айшат Миссирова билеп, Жорж Бизенің «Кармен» операсынан «Антракт» шығармасын Талап Таубеков оркестрмен бірге орындады.
Кеш барысында оркестр солистері Рауан Жексенбі, Ақниет Асқар, Нұрлатбек Әзімбаев, Фариза Мадияр «Күй шашу» тарту етті. Витторио Монтидің «Чардашы» Бірғаным Жакиева орындауында ерекше әсер қалдырды. Мәдениет саласының үздігі Әсел Уашева Александр Альябевтің «Соловей» романсын шебер орындап, көрермен ықыласына бөленді. Арам Хачатурянның «Танец с саблями» шығармасын Айдын Альчикенов, ал Андрей Петровтың «Вальсі» оркестр орындауында шырқалды.
Кештің шарықтау шегінде Эдуардо ди Капуаның «O sole mio» әнін Диас Әбілеков пен Бахром Муминов орындап, залды ерекше атмосфераға бөледі.
Концерттің финалы Құрманғазы Сағырбайұлының «Сарыарқа» күйімен түйінделді. Оркестр орындауындағы бұл шығарма кештің рухын айқындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
«Музыка фантазиясы» концерті түрлі этностардың музыкалық дәстүрін үндестіріп, достық пен бірліктің, бейбіт өмірдің маңызын дәріптеген тағылымды мәдени кеш ретінде есте қалды.












16 Ақпан 2026
10
26 Сәуір 2019