«Біздің жәрмеңке — жыр-дастан» атты концерт өтті
Қазақконцерт сахнасында 24 сәуір күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен белгілі жырау, фольклор зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматовтың 70 жас мерейтойына арналған «Біздің жәрмеңке — жыр-дастан» атты концерті өтті.
Кеш барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның құттықтау хаты оқылды.
Аталған концертте К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының өнерпазы, дәстүрлі әнші, жыршы - Бекарыс Көштаев өнер көрсетті. Ол Аяз Бетбаевтың “Жамбылға” туындысын орындап, жырдан шашу шашты.
Сонымен бірге мерейтойлық кеште өзге де жыр-дастандар мен терме-толғаулар орындалып, көрерменге әсерлі де мазмұнды жыр кеші ұсынылды. Мерейтой иесіне өнер иелерінен құттықтаулар жолданды. Кештің басты ерекшелігі — ұрпақтар сабақтастығы болды. Сахнада Алмас Алматов «Жыр бастау» шығармасын көрерменге тарту етсе, немере-шөбере шәкірттері де өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар, Ақтамберді, Оңғар, Махамбет, Жамбыл, Шернияз, Тұрмағамбет, сондай-ақ, Алмас Алматовтың және т.б. туындылары шырқалды.
Өнерпаздар жыр-термелерді «Astana sazy» ансамблінің сүйемелдеуімен орындады. Өнер кешінде жыршының қызметін белгілі айтыскер, ақын, жыршы, термеші Еркебұлан Қайназар атқарып, көрерменге кеш қатысушыларын таныстырып отырды.





28 Сәуір 2026
18
26 Сәуір 2019