Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының "Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы" КМҚК

Мекенжай

Тараз қ, Төле би көш, 89

Байланыс Телефоны

+7 (7262) 34-29-59

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

Басты бет / Медиа / Жаңалықтар / «Ән падишасы – Шәмші аға»: Кенен филармониясының 58-ші шығармашылық маусымы ашылды

«Ән падишасы – Шәмші аға»: Кенен филармониясының 58-ші шығармашылық маусымы ашылды

Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының 58-ші шығармашылық маусымының ашылуына арналған «Ән падишасы – Шәмші аға» атты концерттік бағдарламасы өтті.
Концерт қазақ музыкасының көрнекті композиторы, ән падишасы атанған Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналды. Кеш барысында сазгердің халық жүрегінен орын алған сырлы да әсем әндері орындалып, оның қазақ ән өнеріне қосқан өлшеусіз үлесі дәріптелді.
Концерттің шымылдығын Қазақ халық аспаптар оркестрі Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен құралған музыкалық попурримен ашты. Оркестрге Мәдениет саласының үздігі Дулат Байзілдаев дирижерлік етті.
Кеш барысында филармонияның әншілері мен шығармашылық ұжымдары композитордың «Құшақ жайған қандай адам», «Қайықта», «Ана туралы жыр», «Ақ маңдайлым», «Мойынқұмда», «Арыс жағасында», «Шалқыған Шәуілдір», «Арқалықтың ақ таңы», «Тамды аруы», «Бәрінен де сен сұлу», «Сыған серенадасы», «Арайлым Ақ Келес», «Сағынышым менің», «Бақыт құшағында», «Шынарым», «Әнім сен едің», «Жаңарған Жамбыл», «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Сыр сұлуы» секілді таңдаулы әндерін, сондай ақ Ермұрат Үсеновтың «Шәмші - дастан» шығармасы орындалды.
Концерттік бағдарламаның көркемдік мазмұнын «Ақкербез» би ансамблінің би қойылымдары толықтырып, Шәмші әндерінің әуезді табиғатын сахналық хореография арқылы аша түсті.
Сонымен қатар кеш барысында Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы мен өмір жолына арналған «Ән аға», «Шәмші туралы он дерек», «Әңгіме өзегі» атты бейнематериалдар LED экран арқылы ұсынылды.
Кешті Әкімжан Қуанышбекұлы, Ақмарал Ахметова және Берекет Қосберген жүргізді.
Концерттің финалында барлық әртістер сахнаға шығып, Шәмші Қалдаяқовтың әніне жазылған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындап, көрерменге ерекше рух сыйлады.
«Ән падишасы – Шәмші аға» концерті арқылы көрермендер ұлы сазгердің өлмес әндерімен қайта қауышып, қазақ ән өнерінің алтын қорына енген таңдаулы шығармаларды тамашалады.