«Ән – Айгүл» атты ән кеші өтті
«Баласағұн» орталық концерт залында Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі, Мәдениет саласының үздігі, М.Х. Дулати университетінің қауымдастырылған профессоры, доценті Айгүл Мақашованың 35 жылдық шығармашылық жолына арналған «ӘН – АЙГҮЛ» атты ән кеші өтті.
Кеш барысында көрермендер Айгүл Мақашованың орындауындағы халық әндерімен қатар, қазақ музыка өнерінің көрнекті композиторларының шығармаларын тыңдады.
Шығармашылық кештің маңызды бөліктерінің бірі – Айгүл Мақашованың авторлық әндері болды. Әншінің композиторлық қырын танытқан «Кимешек киген ана», «Сезім гүлі», «Әпке», «Қуанамын», «Бақыт тіледім», «Тараз» шығармалары кештің мазмұнын толықтыра түсті.
Айгүл Мақашованың өнердегі әріптестері мен шығармашылық достары да кешке арнайы қатысып, мерейтой иесіне ізгі тілектерін жеткізді.
Ән кешінің жұлдызды қонақтары ретінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Елшібаева мен Ардақ Балажанова, Мәдениет саласының үздіктері Торғын Орынбаева, Мадина Сағынбекова, Сағадат Мырзақұлова, «Талас» триосы, «DIVA» квартеті және «Әсем әуен» дәстүрлі әнші балалар ансамблі өнер көрсетті.
Шығармашылық кешті Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының Қазақ халық аспаптар оркестрі сүйемелдеді. Оркестрдің дирижері – Мәдениет саласының үздігі Дулат Байзілдаев.
Сонымен қатар кеште Мәдениет саласының үздігі Дастан Көреген жетекшілік ететін «Алатау» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Музыкалық сүйемелдеуді концертмейстер Азиз Кушаков, гитаристер Мұрат Үсіпбаев пен Ернұр Сапиев қамтамасыз етті.
«Ақкербез», «Бозторғай», «Арунұр», «Arudens» би ансамбльдері кештің көркін бимен аша түсті. Концерт жүргізушілері – Берекет Қосбергенов пен Ақмарал Ахметова.
Кеш барысында Айгүл Мақашованың шығармашылық жолына арналған, әнмен өрілген ғұмырдың әуезді шежіресі іспетті «Ән – Айгүл» атты музыкалық жинақтың тұсауы кесілді.
Жинақтың тұсауын Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Нұрманұлы Жүнісбай мен М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің аппарат басшысы Мирас Бақытжанұлы Тұрғынбаев кесіп, кеш иесін арнайы құттықтады.
01 Қазан 2026
14
29 Сәуір 2019