Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының "Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы" КМҚК

Мекенжай

Тараз қ, Төле би көш, 89

Байланыс Телефоны

+7 (7262) 34-29-59

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

Басты бет / Медиа / Жаңалықтар / Тараз көшелерін Жеңіс экипажы әнмен тербеді

Тараз көшелерін Жеңіс экипажы әнмен тербеді

Жеңіс күні қарсаңында Тараз аспанын жігерлі әндер тербеп, тұрғындарға тамаша әсер сыйлады. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76 жылдығына орай Тараз қаласында облыс әкімдігінің қолдауымен Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Ұлы Жеңіс жаңғырығы» атты жылжымалы жеңіс экипажы мерекелік акциясы өтті.

Майдангерлердің ерлігі мен өрлігіне құрмет көрсету, Жеңісті жақындатуға үлес қосқан батырлардың рухына тағзым ету, жас ұрпақты батырлыққа, елін-жерін сүюге, ізгілікке тәрбиелеу мақсатына негізделген акция қаладағы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағынан бастау алды.

Санитарлық талаптар қатаң сақталған шара барысында жеңіс экипаждары шаһар ішінде үш бағытта өрбіді. Нақтырақ айтсақ, бірінші бағыт бойынша Тараз қаласының шағын мөлтек аудандары қамтылса, екінші бағыт қала маңындағы Қант зауыты, Жалпақтөбе, Құмшағал, Шөлдала шағын аудандары мен Теміржолдың арғы жағын бетке алды. Сол секілді үшінші бағыттағы экипаж Тараздың ірі көшелерін жүріп өтті.

Әскери тұрғыда безендірілген автокөліктер үстіндегі өңір өнерпаздары патриоттық сарындағы және соғыс кезіндегі әсерлі әндерді әуелете шырқап, тараздықтардың ықыласына бөленді. Айта кетерлігі, жылжымалы экипаж концерттік бағдарламаларын көше аралап жүріп ұсынғандықтан, адамдардың қалың жиналуына жол берілген жоқ. Онда соғыс кезінде ержүрек жауынгерлерге өнер көрсетіп, «Ах, Самара, городок» әнін шырқаған Роза Бағланованың бейнесі әдемі үйлесім тапса, «Кестелі орамал», «Ана туралы баллада», «Жас қазақ», «Әлия», «Бейбітшілік сақталады», «Катюша», «День победы», «Три танкиста», «Синий платочек», «Смуглянка», «Ах, эти тучи в голубом» және Отан, майдангерлер жайлы әуезді әндер тараздықтардың құлақ құрышын қандырып. жүрек қылын шертті.

Сондай-ақ, экипаждағы Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және тағы да басқа батырлардың образдары қала тұрғындарына айрықша әсер сыйлап, жігерлендіре түскендей. Ал, абыз ақын Жамбыл Жабаевтың соғыс уақытында шыққан жырлары мен баһадүр-қаламгер Бауыржан Момышұлының күнделігінен оқылған прологтары мерекенің маңызы мен тағылымын арттыра білді.