«Шырқа, даусым» ХІІ Республикалық дәстүрлі әншілер конкурсының І кезеңі өтті
Қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, сал-серілік дәстүрдің ең соңғы шыңы болған Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына арналған «Шырқа, даусым» ХІІ Республикалық дәстүрлі әншілер конкурсының І кезеңі өтті.
Мерейлі жылы өткелі отырған бұл конкурсқа 45 өтініш түскен. Ал бүгін солардың ішіндегі 18-35 жас аралығындағы 18 өнерпаз ғана ән додасына қатысуға жолдама алып, өнерлерін көрсетеді.
Конкурстың шымылдығын салтанатты түрде Кенен атаның ұлы, қазылар алқасының мүшесі Әзірбаев Бақытжан Кененұлы және облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мәдиева Сара Қабылбекқызы құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Дәстүрлі әншілер байқауында Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев. Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі Бақытжан Әзірбаев, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы, Мәдениет саласының үздігі, композитор Дүйсен Бықыбаев, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының фольклорлық ғылыми-зерттеу лабораториясының меңгерушісі Бағлан Бәбіжан және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Саят Медеуов төрелік етеді.
Конкурсты тамашалауға Халықаралық конкурстардың лауреаты, Президент кубогының иегері, «Кенен Ата» қорының төрағасы, Кенен Әзірбаевтың мұрагер-немересі және насихаттаушысы Мұхтар Әзірбаев және Кенен атамыздың келіні Бақытжан Сағынбекқызы арнайы келді.
Айта кетейік, байқау ІІ кезеңннен тұрады. Байқаудың ІІ кезеңі сағат 15:00-де өтеді. Аталған кезеңге үздік өнер көрсеткен 9 өнерпаз ғана жолдама алады. Ал байқау жеңімпаздарын марапаттау және конкурстың гала концерті кешкі сағат 18:00-де өтеді.