Алтынбек Қоразбаев атындағы IV Халықаралық әншілер конкурсы өз мәресіне жетті
2025 жылдың 16 мамырында Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өнер сүйер қауымның назарын аударған ауқымды шара – Алтынбек Қоразбаев атындағы «Ән-жырым саған, туған ел!» атты IV Халықаралық әншілер конкурсы жоғары деңгейде өтті. Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен өткен байқау ұлттық ән өнерінің мәртебесін көтеріп, жас таланттарға жол ашты.
Биылғы байқауға Қырғызстан, Моңғолия, Қытай Халық Республикасы және Қазақстанның әр өңірінен барлығы 45 үміткерден өтініш түсіп, онлайн іріктеу арқылы 18 бен 35 жас аралығындағы 20 өнерпаз финалға өтті. Олар жеке орындау, трио немесе квартет форматында бақ сынады.
Қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші әрі композитор Тоқтар Серіков төрағалық етті. Қазылар құрамында: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «МузАРТ» тобының мүшесі Мейрамбек Бесбаев, «Тараз» триосының солисті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Ыдырысов, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Уланбек Качкыналиев, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі Аида Смағұлова болды. Тәуелсіз сарапшы ретінде Алтынбек Қоразбаевтың өзі арнайы қатысты.
Байқау екі кезеңнен тұрды: алғашқы кезеңде қатысушылар Алтынбек Қоразбаевтың екі туындысын орындаса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы әндерді (қазақ немесе ана тілінде) ұсынды.
Жоғары деңгейде өткен сайыстың нәтижесінде Алматы облысынан келген Медет Орынбаев Бас жүлдені иеленіп, 1 000 000 теңге және арнайы статуэткамен марапатталды. Бірінші орын мен 800 000 теңге Қытай Халық Республикасынан қатысқан Ұлболсын Кенжебайқызына бұйырды. Екінші орынды атыраулық Мержан Қабдолов жеңіп алса, үшінші орынға Түркістаннан келген Асыл Жомартов пен астаналық Ақбөпе Алибекова ие болды.
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақтау, Моңғолия және Қарағанды өңірлерінен келген қатысушылар 200 000 теңгелік ынталандыру сыйлығымен және дипломдармен марапатталды. Тағы он үміткерге алғыс хаттармен қатар, 100 000 теңгеден ынталандыру сыйақылары табысталды.
Салтанатты кеш барысында Жамбыл облысы әкімінің аппарат жетекшісі Лесбек Ілебаев Алтынбек Қоразбаевты кәсіби мерекесімен құттықтап, иығына шапан жауып, Бас жүлде иегерін марапаттады.
Гала-концертте Тоқтар Серіков, Уланбек Качкыналиев, Алтынбек Қоразбаев және конкурстың үздік қатысушылары өнер көрсетіп, тараздық көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Бұл байқау — төл өнердің тамырын тереңдетіп, келер ұрпаққа рухани мұра қалдыру жолындағы үлкен қадам болды.